Қаңтар айындағы ұлттық бірыңғай тестілеу бүгін басталып, 10 ақпанға дейін жалғасады. Тестілеуге қатысуға 125 мыңға жуық өтініш түсті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қаңтардағы ҰБТ-ға жоғары оқу орындарына шартты түрде қабылданған студенттер, шығармашылық дайындықты талап ететін БББТ-дан басқа білім беру бағдарламалары тобына ауысуға ниет білдірген жоғары оқу орнының (ЖОО) білім алушылары, ақылы негізде «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласына ауысуға ниет білдірушілер, сондай-ақ қалауы бойынша ЖОО ақылы негізде оқуға қабылданғысы келетін мектеп түлектері қатысады.
Қаңтардағы ҰБТ-дан бастап «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламаларының топтарына түсуге ниет білдірушілер ҰБТ-ны «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша тапсырады. Тестілеу кезінде калькулятор, Менделеев және тұздар ерігіштігі кестелері барлық талапкер үшін компьютер экрандарында қолжетімді болады. Сондай-ақ ҰБТ қатысушыларына өздерімен қалам, су және шоколад алып келуге рұқсат етіледі.
– Бүгін 2023 жылғы алғашқы ҰБТ басталды. Біз тестілеу кезінде ғана емес, оған дайындық барысында да жағдай жасауды жалғастырамыз. Мысалы, 11 білім беру орталығы талапкерлерге тегін онлайн сабақтар өткізеді. Оқу жылының басында ҰТО сайтында «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» бойынша 100 дата, «Қазақ әдебиеті» және «Орыс әдебиеті» бойынша әдебиеттер тізімі, «Информатикадан» терминдер тізімі орналастырылды. Сондай-ақ ҰБТ сұрақтары мен тест жоспары құрастырылған оқулықтардың тізімі жарияланды. Яғни талапкерлерде тестілеуді сәтті тапсыру үшін барлық мүмкіндік бар, – деді Қазақстан Республикасы ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.