СҚО-да елікті заңсыз аулаған екі адам ұсталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО полицейлері жануарларды браконьерлерден қорғау бойынша тұрақты түрде рейдтер өткізеді. Қаңтардың 3-і күні кезекті шара барысында Соколовка ауылдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері тексеру үшін «Mitsubishi Montero» жол талғамайтын көлігін тоқтатқан. Теміртұлпарда Петропавл қаласының 41 және 38 жастағы тұрғындары болған. Көлікті тексеру кезінде жүк салғышында қапқа салынған 12 калибрлі «АТА-ARMS» маркалы тегіс ұңғылы қаруы мен еліктің еті салынған сөмке табылды. Аңшыларда тек қоянды атуға ғана арналған рұқсат қағазы болғанын атап өткен жөн.
– Шақыру бойынша келген жедел-тергеу тобы 3 сібір елігінің заңсыз атылған жерін анықтады. Аталған факті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 337-бабы (Заңсыз аңшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Қару, оқ-дәрі мен жануарлардың еті тәркіленді, – дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы Әлихан Байқадамов.
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі