Солтүстік Қазақстан облысында прокурорлар былтыр 132 тексеру, 309 талдау жүргізіп, мыңға жуық заң бұзушылықты анықтады. Жалпы 53,5 мың адамның құқығы қорғалса, 561 адам әртүрлі жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс прокуроры Бағбан Тайымбетов алқа отырысында өткен жылды қорытындылады. Тексерулер барысында анықталған 909 заң бұзушылықтың 542-сі жойылды. Қадағалау актілері бойынша 621 млн. теңге өндірілсе, соның ішінде 387,5 млн. теңгесі мемлекеттік кіріс ретінде алынды. Бұдан басқа 708 млн. теңгенің мүлкі қайтарылғанын айта кеткен жөн.
– Негізгі заң бұзушылықтар мемлекеттік сатып алу, құрылыс, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, монополияға қарсы, зейнетақы заңнамасы саласында анықталды. Қадағалау актілері бойынша мемлекеттік сатып алу саласында 3,5 млрд. теңгеден астам сомаға 15 конкурстың нәтижесі жойылды. Мәселен, Петропавл қаласының әкімдігі 2,8 млрд. теңге сомасына «Копай» шағын ауданының құрылысы бойынша мемлекеттік сатып алу жүргізген. Алайда тапсырыс берушіде рұқсат құжаттары, атап айтқанда жерге тиісті құқық беру туралы шешім болмаған. Қадағалау актісі бойынша бұл конкурс жойылып, 2,8 млрд. теңге бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол берілмеді, — делінген баспасөз хабарламасында.
Ал мобильдік топтар кәсіпкерлердің құқығын бұзуға қатысты мыңнан астам фактінің алдын алған. Прокурорлар бизнес субъектілерін заңсыз тексерудің 9 дерегін анықтады, оның ішінде 5-нің жолы кесілсе, 4-і жойылды, 1144 бизнес субъектісінің құқықтары қалпына келтірілді.