Қаңтардың 23-нен бастап шетелдік көліктерді заңдастыру басталады. Өкінішке қарай, қазір біздің өңірде өзге мемлекеттерден әкелінген темір тұлпарлардың саны қанша екенін дөп басып айту қиын. Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжановтың айтуынша, бұл сан шілденің 1-і, яғни заңдастыру шарасы аяқталған соң белгілі болады. Қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан бұл тақырыпқа қатысты Qyzyljarnews.kz тілшісінің өзге де сұрақтарына жауапты оқырман назарына ұсынамыз.
– Басқа елде тіркелген автокөлікті сол жердегі есептен шығару қажет пе?
– Заңдастыру үшін автокөлікті есептен шығару қажет. Көлікті есептен шығарғаннан кейін ғана Қазақстанда тіркеуге қоюға болады. Ел ішіндегі автокөліктерді сатып алған кезде де сатып алушы оны тіркеуден шығарып, өз атына тіркеуге қояды ғой. Автокөліктердің басқа елдегі тіркеуден шығуы өте маңызды. Өйткені сол елде көлікке қатысты әртүрлі шектеулер болуы мүмкін. Егер оны шетелдік тіркеуден шығармай, Қазақстанда тіркеуге қойса, құқықтық мәселелер туындауы ықтимал.
Сондай-ақ шетелдік көлікпен жүрген азаматтар бұл істі қашықтан да атқара алады. Егер қазақстандық азаматта темі ртұлпардың бұрыңғы иесінің телефон нөмірі болса, онда ол сол адамға хабарласып, есептен шығаруын сұрай алады. Ал Ресейде, Қырғызстанда немесе Армениядағы көлік сатқан азаматтар тіркеуден алынғанын растайтын құжаттарды электрондық поштаға жібере алады.
– Қандай көліктер кедендік тазартудан өтуі керек?
– Кедендік тазартудан Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден әкелінген автомобильдер өтуі керек. Бұл – жалпы тәртіппен жүзеге асырылатын әдеттегі процедура. Мысалы, АҚШ-тан немесе Біріккен Араб Әмірліктерінен автомобильдерді әкелген кезде міндетті түрде автокөлікке кедендік тазарту жүргізіледі. Сондықтан бұл мәселеде ешқандай өзгеріс жоқ. Ал Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одаққа кіргеніне қарамастан, онда автомобильдер Еуразиялық экономикалық одақ үшін көзделген төмен мөлшерлемелер бойынша кедендік тазартудан өткен және бұл автомобильдер ішкі тұтынуға арналған көліктер болып саналады. Осыған байланысты оларды Қазақстанда тіркеу үшін Еуразиялық экономикалық одақтың мөлшерлемелері бойынша кедендік баж айырмасын қосымша төлеп, толық кедендік тазартудан өткізу қажет.
– Армениядан әкелінген көліктерді заңдастыру қалай жүргізіледі?
– Қазақстанда Армениядан әкелінген автокөліктер уақытша тіркеуге алынғаны белгілі. Қазіргі уақытта ішкі істер министрлігі бұл көліктерді Армениядағы тіркеуден шығару туралы жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл көліктерді заңдастыруға қатысты барлық мәселе шешіледі. Елге қосалқы бөлшек ретінде кіргізілген көліктерді де заңдастыру бойынша министрлікте жұмыс жүргізіліп жатыр. Ол үшін әр автокөлік иесі құжаттары мен көлігін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының тіркеу бөліміне әкелуі керек. Сол жерде барлық құжаттар мен көлік тексеріліп, әр автокөлік бойынша жеке-жеке шешім шығарылатын болады.
– Көліктің елге қашан кіргізілгені қалай анықталады?
– Көліктің елге кірген күні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің немесе мемлекеттік кірістер органдарының жүйелері бойынша айқындалады. Бүгінде бұл процесс толығымен автоматтандырылған және автокөліктің шекарадан өту есебі оның ВИН-коды бойынша жүргізіледі. Егер шекара қызметінде немесе мемлекеттік кірістер органдарында мұндай мәліметтер болмаса, автомобиль Қазақстан аумағында ұзақ уақыт болса, автокөліктің ел аумағында болған уақыты автосақтандыру полисінің алғашқы ресімделген күні бойынша анықталады. Автокөлік интерпол және ТМД базалары бойынша тексеріледі, ал Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай кедендік жүйесі бойынша кедендік тазартудан өткен-өтпегені тексерледі. Бұл процесс те толық автоматтандырылған.
– Рөлі оң жағындағы темір тұлпарлар тіркеуге қойыла ма?
– Заңдастыруда екі критерийі белгілеген. Біріншісі – автокөлік іздестіруде болмауы керек. Екіншісі – кедендік тазалаудан өтуі керек. Егер аталған автокөліктер осы талаптарға сәйкес келсе, оларды тіркеуге еш кедергі болмайды. Ең бастысы осы екі талап сақталуы шарт. Яғни, рөлінің қай жақта орналасқаны маңызды емес.
– Автокөліктердің шығарылған жылы мен экологиялық класы бойынша заңдастыруға шектеулер бар ма?
– Заңдастыруға жататын автокөліктердің жылына және экологиялық класына талаптар қойылмайды.
– Тіркеу қанша тұрады?
– Көлік иесі алғашқы тіркеу үшін – 200 000 теңге, техпаспорт үшін – 4 313 теңге көлемінде мемлекеттік баж, мемлекеттік нөмір үшін – 9 660 теңге мөлшерінде алым төлейді және құжаттардың түпнұсқасын (шетелдік техпаспорт, меншік құқығын растайтын құжат) тапсырады. Кейін автомобиль иесіне Қазақстан Республикасының тіркеу құжаты және мемлекеттік нөмірі беріледі.