Петропавлда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, мәртебесін өсіру мақсатында «Сөйле» клубы ашылды. Бұл үйірмеде оқу еркін форматта ұйымдастырылады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Клуб мамандарының сөзінше, орталықта тіл үйренудегі заманауи әдіс-тәсілдер де пайдаланылмақ. Мәселен, тіл үйренушілер қазақша әндер тыңдап, театрға барып спектакльдерді көру мүмкіндігіне ие болмақ.
– Елімізде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында түрлі жобалар ұйымдастырылуда. Бірақ ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже жоқ. Қазіргі уақытта тіл үйренудің бірнеше әдістемесі бар. Астана қаласында клубтың алғашқы кездесуі ұйымдастырылды. Алдағы уақытта сонда жасалған жоспар аясында жұмыс істейтін боламыз, – дейді клубтың оқытушысы Бақытжан Тұрсынов.
Алғашқы кездесуде мұғалім үйірмеге келгендердің тіл білу деңгейін бағалап, кіммен қалай жұмыс істеу керектігін анықтады. Қазақ тілін үйренсем дегендердің дені –студенттер.
Үйірме маусым айына дейін жұмыс істейді. Тіл үйренушілер аптасына бір рет кездеседі. Мекен жайы: Назарбаев көшесі, 69 (қалалық жастар ресурстық орталығының акт залы).