Облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстың нәтижелері туралы айтып, қылмыстың осы түрінің алдын алу бойынша маңызды кеңестерін берді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері солтүстікқазақстандықтармен әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы тікелей байланысқа шығып, аталмыш ведосмтво бастығының орынбасары Мадияр Харипов облыста өткен жылы тіркелген интернет-алаяқтық фактілеріне тоқталды. Оның сөзінше, заманауи технологияларды көмегімен 825 қылмыстық құқық бұзушылық жасалған екен. Былтыр алаяқтардың арбауына көбінесе әйел адамдар түсіп қалғаны да белгілі болды.Мадияр Харипов пен криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі Виктория Миронычева тікелей эфир барысында желі пайдаланушыларының сұрақтарына да жауап берді. Спикерлер киберқылмыстың көбеюіне цифрландырудың, интернет-төлемдердің дамуы, мобильді интернеттің қолжетімді болуы, тауарлар үшін қолма-қол ақшадан бас тарту ықпал еткенін алға тартты.Полицейлердің айтуынша, адамдардың жеке деректерді таратуы, мәліметтерге немқұрайлы қарауы алаңдатады.
— Жарықдиодты экрандардағы, вокзалдар мен ауруханалардың күту залдарында орналасқан теледидарлардағы бейнероликтер, мыңдаған плакаттар, жадынамалар тиісті профилактикалық шаралар әсер бермей жатыр. Ең алдымен, адамдардың өздері қаржылық операцияларды сақтықпен жүргізіп, бөгде адамдарға жеке ақпаратты бермеуі керек. Ал ықтимал алаяқтар хабарласқан жағдайда, бұл туралы дереу колл-орталықтарға және полицияға хабарлау қажет, – дейді мамандар.
Тікелей эфир соңында полицейлер «Instagram» әлеуметтік желісінде криминалдық полицияның @cyberpolice_sko, @anti_fraud_15 деп аталатын аккаунттары жұмыс істеп жатқандығын хабарлады. Жақында осындай аккаунттардың бірі жастар арасында танымал TikTok желісінде өз жұмысын бастады: (@anti_hacker_sko).