Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында су тасқынына дайындық туралы айтылды. Жиынға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров қатысып, тасқынға қарсы қандай іс-шаралар атқарылып жатқанын баяндады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Үкімет отырысында сөз алған Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қардағы су қорының мөлшерін, топырақтың күзгі ылғалдылығын, оның қату тереңдігін талдай отырып, сондай-ақ қар астында мұз қабығының болуын ескере отырып, су тасқыны қаупі бар өңірлерге Ақмола, Абай, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Жетісу облыстары жатқызылғанын алға тартты. Су тасқынына 35 мыңнан астам адам, шамамен 11 мың техника, 12 дана «Қазавиақұтқару» әуе кемесі, 650-ден астам жүзу құралы және 3 мыңнан астам мотопомпа дайындалған.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров өңірдегі жағдайды баяндап, тасқынның алдын алу жоспарымен бөлісті.
– Облыста су тасқынының алдын алу жөніндегі үш жылдық жол картасын іске асыру жалғасуда. Қазіргі уақытта 9 іс-шараның 4-уі орындалды. Бесеуі бойынша жұмыс жүріп жатыр. «Есіл» өзені арқылы өтетін апатты көпірді күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Жобаны әзірлеу үшін «Қазавтожол» компаниясының облыстық филиалы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бюджеттік өтінім жолдады. Қаражат бөлінген жағдайда жобалау биыл басталады. Сондай-ақ Бескөл ауылында арық жүйесін саламыз. Өткен жылы ұзындығы 4,5 шақырым арық қазу жөніндегі жұмыстар жүргізілді, 27 су өткізгіш құбыр орнатылды. Осы жылы жұмыс жалғасын табады, – деді Айдарбек Сапаров.
Облыс әкімінің айтуынша, Тепличный және Прибрежный ауылдарында қорғаныс бөгетін салу жоспарда бар. Жоба ақпан айында сараптамаға жіберіледі. Сонымен қатар, 2 жобаны іске асыру жалғастырылуда. Олар: Петропавл қаласындағы бөгетті жөндеу және республикалық маңызы бар автомобиль жолының қаланы айналып өтетін учаскесін реконструкциялау. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мәліметінше, бүгіндері су басу қаупі бар 85 елді мекен бақылауға алынған. Апаттың алдын алу мақсатында облыстық бюджетте 1 млрд. теңге қарастырылған.