Өткен жылы Петропавл станциясындағы желілік полиция бөлімінің мамандары 43 құқық бұзушылықты тіркеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі «Мtrk.kz» сайтына сілтеме жасап.
Мамандардың сөзінше, тіркелген құқық бұзушылықтың 25-і – қылмыс санатына жатқызылды.
Пойыздарда жиі орын алатын қылмыстардың кең тараған түрі – есірткі тасымалы. Өткен жылы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері мұндай 10 фактіні анықтап, заңсыз айналымнан 71 грамм синтетикалық затты тәркіледі. Сондай-ақ вокзал аумағында ұрлық фактілері де тыйылар емес. 2022 жылы осындай қылмысқа барған 16 азамат құрықталды.
– М.Жұмабаев ауданындағы «Қарақоға» станциясында 3-4 жыл бойы ұрлық жасаған теріскейліктер ұсталды. Олар жүк поездарында жүк ұрлаумен айналысқан. Қазіргі таңда қылмыстық іс сотта қаралуда. Әкімшілік жауапкершілікке 1604 адам тартылып, оларға хаттама толтырылды. 149 тұлғаға 1 млн. 685 мың теңге көлемінде айыппұл салынды, – дейді Петропавл станциясындағы желілік полиция бөлімінің бастығы Сәкен Рақымов.