Бүгін Мәулен Әшімбаев қайтадан сенат спикері болды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі «Zakon.kz» сайтына сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Мәулен Әшімбаевты сенат спикерлігіне кандидат етіп ұсынды. Депутаттар ұсынылған кандидатураны қолдады. Дауыс беру үшін сенат депутаттарына 50 бюллетень берілді. Жарамсыздар жоқ. 50-і қарсы емес деп дауыс берді, қалыс қалғандар жоқ. Осылайша Мәулен Әшімбаев сенат төрағасы болып сайланды.
Сенат төрағасы мемлекет басшысы мен халықтың сенімін ақтауға бар күшін салатынын айтып, алғысын жеткізді.
– Құрметті әріптестер, кездесуімізге Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Конституцияға сәйкес, ол мені Палата спикері қызметіне ұсынды және сол арқылы маған үлкен сенім білдірді. Мен үшін бұл — үлкен жауапкершілік. Сіздер мемлекет басшысының ұсынысын қолдадыңыздар. Бұл үшін көп рақмет. Мемлекет басшысы мен халықтың сенімін ақтауға бар күшімді саламын, – деді Мәулен Әшімбаев.
Мәулен Әшімбаев 1971 жылы 28 қаңтарда Алматыда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін және Тафтс университетін, Флетчердің құқық және дипломатия мектебін (АҚШ) бітірген. Экономист – саяси экономия пәнінің оқытушысы, халықаралық қатынастар магистрі. Саясаттану ғылымдарының кандидаты.
Еңбек өтілі:
- 1993-1994 жж Баспасөз және БАҚ министрлігі жүйесінде жұмыс істеді.
- 1994 жылғы мамырдан 1995 жылғы наурызға дейін — ҚР Жоғарғы Кеңесі депутатының көмекшісі.
- 1995 жылғы маусымнан қарашаға дейін — ҚР Қауіпсіздік Кеңесі кеңсесінің консультанты.
- 1995 жылғы қарашадан 1999 жылғы сәуірге дейін — ҚР Президенті Әкімшілігінің Талдау және стратегиялық зерттеулер орталығы бөлімінің аға сарапшысы, сектор меңгерушісі, бірінші орынбасары.
- 1999 жылғы сәуірден 2000 жылғы мамырға дейін — ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Талдау орталығының басшысы.
- 2000 жылғы мамырдан 2002 жылғы ақпанға дейін — ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Талдау орталығының басшысы — ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры.
- 2002 жылғы ақпаннан 2005 жылғы мамырға дейін — ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры.
- 2005 жылғы мамырдан 2006 жылғы сәуірге дейін — ҚР Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары.
- 2006 жылғы сәуірден 2011 жылғы қазанға дейін — ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары.
- 2012 жылғы қаңтардан 2018 жылғы ақпанға дейін — бесінші және алтыншы сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы.
- 2018 жылдың ақпанынан 2019 жылдың маусымына дейін – «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.
- 2019 жылғы шілдеден желтоқсанға дейін – ҚР Президентінің көмекшісі.
- 2019 жылғы желтоқсаннан 2020 жылғы мамырға дейін – ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары.
- 2020 жылғы мамырда ҚР Президентінің Жарлығымен Парламент Сенатының депутаты болып тағайындалды, алтыншы сайланған ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы болып сайланды.