Тайландта бокстан 22 жасқа дейінгі спортшылар арасында Азия чемпионаты өтіп жатыр. Ел құрамасы сапында өнер көрсететін 6 былғары қолғап шеберінің 3-уі алтын, 2-уі күміс медальдарға қол жеткізді, – деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Азия біріншілігінің финалдық кездесуіне жолдама алған 48 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жатқан Санжар Тәшкенбай өзбекстандық Шодиержон Меликузиевпен қолғап түйістірді. Бұл жекпе-жекте отандасымыз чемпион атанды. Ал 54 кг салмақ санатында Нұрсұлтан Алтынбек филиппиндік Флинт Джароны жеңіп, алтын медаль тағынды. 57 кг салмақта Махмұт Сабырхан жарыс иесі тайландтық Саравут Суктхеттен басым түсті. Кейін шаршы алаңға шыққан 67 кг салмақ санатындағы боксшылар қатарында қазақстандық Абзал Серік Өзбекстаннан келген қарсыласы Бехзод Хамидовке есе жіберіп, күміс медальді місе тұтты.
71 кг салмақ дәрежесінде бокс сүйер қауым тағы да бокстағы «эль-классиконы» тамашалауға мүмкіндік алды. Осы жолы финалда Сабыржан Аққалықов өзбекстандық Нурислом Исмоиловпен кездесті. Тартысты жекпе-жекте отандасымыз есе жіберді.