Ақжар ауданының Құлыкөл ауылында «Ақшақар – 2023» қысқы ойындары өтті. Спартакиадаға аталмыш ауданның 12 ауылдық округінің жастары қатысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімі Қанат Қалиев спортшыларды мерекемен құттықтап, алдағы жарыстарға сәттілік тіледі.
– «Тәні саудың – жаны сау» демекші, мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытуға айырықша көңіл бөліп келеді. Бүгіндері ауданда тұрғындардың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Биылғы аудандық жарыс қатысушыларына сәттілік тілеймін, – деді Қанат Қалиев.
Дәстүрлі аудандық қысқы спартакиадасы спорттың алты түрі бойынша өтті. Спортшылар футзал, ринк-бенди, қысқы президенттік көпсайыс, конькимен жүгіру, шайбалы хоккей, шаңғы мен шорт-трек жарысынан сынға түсті.
Жарыстың қорытындысы Құлыкөл ауылдық округінің командасы спартакиаданың жеңімпазы атанды. Үлкенқарой ауылдық округінің спортшылары екінші орынға ие болса, Талшық ауылдық округінің өкілдері үшінші орынға табан тіреді. Келесі «Ақшақар – 2024» спартакиадасы Талшық ауылдық округінде өтетінін айта кеткен жөн.