Петропавлдағы су тарату құбыры істен шығып, салдарынан 314-атқыштар дивизиясы көшесіндегі жеке тұрғын үй секторы тіршілік нәрінсіз қалды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Петропавл қаласының әкімі Руслан Аңбаевтың айтуынша, бүгін таңертең 314-ші атқыштар дивизиясы көшесіндегі теміржол маңындағы су құбыры зақымдалғаны анықталды. Салдарынан сол шағынауданда тұратындар сусыз қалды. Қазіргі уақытта «Қызылжар Су» ЖШС-ның апатты жою бригадасы олқылықты жою кірісіп кетті.
— Құбырды бітеп болғаннан кейін мамандар бірден зақымдалған жерді жөндеуге кіріседі. Су бөлетін мұнаралар мен жұмысшы кенті Пугачева көшесіндегі жер үйлерді, вокзал аймағы мен «Береке» шағынауданын сумен қамту уақытша тоқтатылады. Оларға ауыз су жеткізіледі. Бұл мәселені мен жеке қадағалап отырмын, — дейді Руслан Аңбаев.
Петропавлда биыл қыста су құбыры бірнеше рет жарылды. Бұған дейін апат желтоқсан айында дәл осы 314-ші атқыштар дивизиясы көшесіндегі теміржолға жақын маңда орын алған.