Әкесімен болған жанжалдан кейін үйінен қашып кеткен 10 жастағы баланы полиция қызметкерлері, құтқарушылар мен еріктілер 2 күн бойы іздеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО полиция департаментінің мәліметінше, 10 жастағы баланы іздеуге 200-ге жуық адам жұмылдырылды. Бүгіндері аман-есен табылған баланың әкесіне қарсы қылмыстық іс қозғалды.
– Бала дереу медициналық мекемеге жеткізілді. Бүгінгі таңда ювеналды полиция қызметкерлері оқиғаның мән – жайын анықтауда. Отбасымен жұмыс жүргізілетін болады, — деді Уәлиханов аудандық полиция бөлімінің бастығы Руслан Алижанов.
Облыстық білім басқармасының ақпаратына сәйкес, 10 жастағы бала 2017 жылдан бастап патронаттық тәрбиеде болған. Ал биологиялық ата-анасының қайда тұратыны белгісіз.
– Қазіргі уақытта бала ауруханада жатыр. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін баланы өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына орналастырады. Асырап алушы әкеге қатысты «кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау, кәмелетке толмағандарға қатыгездікпен қарауға байланысты» қылмыстық бабы бойынша іс қозғалды. Қаңтардың 30-ы патронаттық тәрбиешімен патронаттық тәрбие туралы шарт бұзылды, — делінген білім басқармасының баспасөз қызметі жариялаған ақпаратта.