Петропавлда полиция қызметкерлері тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғаларды анықтауға және тексеруге бағытталған рейдтік іс-шараларды жалғастыруда, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Полиция қызметкерлеріне қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды, оқыс оқиғалардың алдын алу міндеті жүктелген. Тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғалар қылмыстық әрекет жасап қана қоймай, өздері де қылмыс нысанына айналуы мүмкін. Бұдан бөлек, осы санаттағы адамдардың арасында із-түссіз жоғалған және іздеудегі қылмыскерлер болуы да ықтимал.
Қаңғыбастарды жинау тобы баспанасыз жүргендерді ең алдымен қабылдау-тарату орнына жеткізеді. Бұл жерде олар барлық есептер мен бағдарлар бойынша тексеріліп, қажетті көмек көрсетіледі. Бұдан кейін олар Жұмысшы кентінің шет жағында орналасқан түнгі түнеу орнына жеткізіледі. Мұнда олар жылы бөлмеде түнеп шыға алады. Жалпы әр жүргізілген рейдтер барысында полицияға орта есеппен алғанда 7-8 адам жеткізіледі. Қалалық полиция басқармасы құрамындағы қабылдау-тарату орнының бастығы Болат Баймақановтың ақпаратынша, жыл басынан қабылдау-тарату орнына 60 астам адам жеткізілген. Соттың санкциясымен 15 адам орналастырылса, қолда бар есептердің көмегімен бұрын сотталған 5 адам анықталған.
Полицейлер ескерткендей, тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғалардың топтасып жиналғанын көрген азаматтар қабылдау-тарату орнының кезекші бөліміне 8 (7152) 52-92-99 нөмірі арқылы хабарласуға немесе тәулік бойы жұмыс істейтін 102 арнасына жүгінуге болады. Сондай-ақ тұрғылықты мекенжайы жоқ жандар туралы немесе қылмыс пен құқық бұзушылық жайлы «102» мобильдік қосымшасын пайдаланып бейнеқоңырау шалу немесе мәтіндік хабарлама жіберу арқылы хабарлауға болады.
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі