Әлем чемпионы Ербол Хамитов: «ЖЕҢІС ОҢАЙЛЫҚПЕН КЕЛМЕЙДІ»

Авторы: Qyzyljar News

Осыдан бір апта бұрын Швецияның Эстерсунд қаласында пара шаңғыдан және пара биатлоннан әлем чемпионаты өткені белгілі. Байрақты бәсекеде ел намысын жеті спортшы қорғады, оның төртеуі – Солтүстік Қазақстан облысының өкілдері. Халықаралық додада жерлесіміз Ербол Хамитов ерледі. Еліміздегі пара спорт тарихында тұңғыш рет әлем чемпионы атанды. Ел мерейін асырған жерлесімізбен сұхбатты Qyzyljarnews.kz назарыңызға ұсынады.

– Жалпы пара спортта жүрген әрбір адамның өмір жолына үңілсеңіз талай қиындықтарды бастан өткергенін көресің. Көбі – тағдырдың тәлкегінен құлап барып, қайта тұрғандар. Сіздің де басыңыздан шым-шытырық оқиғаларын өткенін естідік. Қиын болмаса сол туралы айтып беріңізші.

– Иә, 2017 жылы орын алған оқиға көпшілікке мәлім деп ойлаймын. Жастықтың буымен жүріп, абайсызда аяғымнан айырылып қалдым. Нақтырақ оқ тиіп, бір аяғымды тізеден төмен кестіріп тастауға тура келді. Осы жарақаттан кейін қатты күйзеліске түстім. Бірақ өмірден түңілген жоқпын, тағдырдың жазғанына көнбей қайтесің? Өз-өзіме қиындықтарға мойымауға серт бердім. Жалпы менің өмірдегі ұстанымым солай. Жеңіс ешқашан оңайлықпен келмейді. Әрине, он екі мүшең сау жүргенге не жетсін? Тиген оқтан тірі қалғанымның өзіне шүкіршілік айтамын. Бірақ кінәлілерді кешіру мүмкін емес. Дегенмен уақыт – емші, жылдар жылжып өткен сайын ұмытыла бастады екен. Өткенге өкінбей, өз жолыммен алға қарай жылжи бастадым. Ең бастысы, ата-анамды разы қылсам, солар ренжімесе болды.

Отадан кейін бір жарым апта өткен соң үйге шығарды. Келе ақырындап жаттығуларға кірісе кеттім. Бастапқыда балдақпен жүріп жаттыға бастадым. Қалай болғанда да бұл сынақтың өзі маған біраз жігер берді. Мүгедек адамдар да биік шыңдарды бағындырып жатқанын көрдім. Сондықтан пара шаңғы және пара биатлонмен айналысуды ұйғардым. Бүгін сол төккен тердің жемісін көріп отырмын, былайша айтқанда әлемдік деңгейдегі үлкен табысыма қол жеткіздім. Менің ойымша, адамның басына қандай сынақ келмесін, мойымау керек. Спортта физикалық күштен бөлек ішкі ерік-жігерің мықты болуы керек, сонда алынбайтын қамал болмайды.

– Қиын сәтте сізге кім демеу болды?

– Бұл жайт, ең алдымен, ата-анама, туған-туыстарыма ауыр тиді. Олар әрдайым жанымда болып, барынша қолдауларын білдіріп отырды. Сондай-ақ Астана қаласының ММА бойынша бас бапкері Сергей Веселов, сол кездегі Қазақстанның ММА федерациясының президенті Анатолий Ким көп қолдау көрсеткенін айта кетуім керек. Олар мен емделген соң бір айдан кейін Алматы қаласына шақырып, әуесқой құрама сапында Бахрейн Корольдігінде ережесіз жекпе-жектен өткен әлем чемпионатына дайындады.

– Жоғарыда өзіңіз айтқан қайғылы оқиғаға дейін де шаңғы теуіп пе едіңіз? Бұл спортқа қалай келдіңіз?

– Шаңғы спортымен айналыса бастағаныма көп уақыт болған жоқ. Бұрын ережесіз жекпе-жек, грэпплинг және джиу-джитсумен айналысқанмын. 2019 жылы «AIGA» грэпплингтен ересектер арасында еліміздің вице-чемпионы атансам, «UWW» жарысында Азия чемпионы болғанмын. Бұл спорттармен ары қарай да айналыса беруге болар еді. Бірақ төрт жылда болатын Олимпиада жарыстарына қатысу – арманым болатын. Ал грэпплинг пен джиу-джитсу Олимпиада бағдарламасына енбегендіктен, шаңғы спортына ауыстым.Спортшы ең бірінші психологиялық дайындық керек екен. Пара шаңғығамен енді айналыса бастаған уақытта бапкерлерім мені психологиялық тұрғыдан дайындады. Алда қандай жұмыс күтіп тұрғанын түсіндірді. Жалпы пара спорттың өз ерекшеліктері бар. Бәрі бірдей жарыса бермейді. Біреудің көру қабілеті нашар болса, екіншісінің тірек-қимыл аппаратына зақым келген дегендей.

– Жақында Швециядағы әлем чемпионатында айда аспаннан бірақ шығардыңыз. Бір жарыста үш жүлде еншіледіңіз. Бұл жеңістердің сыры неде?

– Әлем чемпионаты жоғары деңгейде өтті. Жарыс барысында бапкерімнің құрған тактикасы бойынша әрекет еттім. Ең алдымен, алдымызда іріктеу кезеңін сәтті өткеру мақсаты тұрды. Кейін жартылай финалда үштікке ілінсек те жеткілікті еді. Яғни біз бар күшімізді финалға сақтадық. Финалда украиналық спортшының артынан еріп отырдым. Мәре сызығына жақындаған сәтте қарқынды үдеттім. Швецияның климатына бейімделу үшін қаңтардың басында сонда оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Осы аралықта кей спортшылар аздап сырқаттанып қалды. Олардың қатарында мен де болдым. Бірақ білікті дәрігерлер көмектесіп, тез жазылдық. Бұл – менің ғана емес, ұжымның жеңісі деп санаймын. Енді ақпан айының соңында Америкада өтетін жаһандық додаға дайындықты бастаймыз.

Фото: Талғат Тәнібаев

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz