Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дархан Әмрин неліктен кейде сауда орындарында тұрақтандыру қорынан қажетті өнім табылмайтындығын түсіндірді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Әлеуметтік желідегі жеке парақшасында Дархан Әмрин биыл тұрақтандыру қорына 15 мың тоннаға жуық өнім сатып алынғанын жазды.
– Аптасына екі-үш рет тұрақтандыру қоры өнімдерінің бар-жоғын жеке бақылауға алдым. Интервенциялардың жүйелі түрде жүргізілуі маңызды. Күні бойы сөрелерде өнімдерді байқау әрдайым мүмкін емес. Мұның себептері адами фактор болып табылады. Жоғары сұранысқа байланысты дүкен қызметкерлері өнімдерді сөрелерге қойып үлгере бермейді, — деп жазды Дархан Әмрин.
Сондай-ақ ол бақылауды күшейтетінін және үздіксіз жеткізілімдерді реттейтінін айтты. Жалпы тұрақтандыру қорына арналған өнімдер жергілікті тауар өндірушілерден сатып алынатынын айта кеткен жөн. Сауда орындарына қарақұмық, күріш, күнбағыс майы, ұн, нан, макарон, қант, тұз, жұмыртқа, құс еті мен көкөністер жеткізіледі. Жақында әкімдік отырысында өңір басшысы Айдарбек Сапаров егіс алқаптарының құрылымын қайта қарауды және қажет болса, осы өнімнің бағасын ұстап тұру үшін қарақұмық пен картоп дақылдарын көбейту керектігін тапсырды. Ұлттық статистика бюросы департаментінің мәліметінше, облыстағы өнімдер бір жылда 26% — ға қымбаттаған.