Алматыда күрес түрлерінен VI жазғы спартакиадада жерлестеріміз екі медальға қол жеткізді. Грек-рим күресінен Ислам Евлоев алтын, Бауыржан Мусин қола жүлдені иеленді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Биылғы жарыста өңір намысын 29 балуан қорғады. Оның 12-сі еркін, 15-і грек-рим және 2 қызымыз әйелдер күресінде бақтарын сынады.
Грек-рим күресінен Ислам Евлоев 82 килограмм салмақ санатында боз кілемге шықты. Солтүстікқазақстандық спортшы 4 кездесу өткізіп, барлығында да жеңіске жетті. Ол финалда атыраулық балуанның алдын орады. Нәтижесінде спартакиаданың жеңімпазы атанды.
Ал Бауыржан Мусин 87 килограмм дәрежесінде сынға түсті. Жерлесіміз төрт кездесудің үшеуінде жеңіске жетіп, қола медальді еншіледі.
Еркін күрестен өңір балуандары медаль еншілемесе де, Алматы қаласы атынан қатысқан Уәлиханов ауданының тумасы Ризабек Айтмұқан алтын жүлдеге қанжығасына байлағанын айта кеткен жөн.