СҚО-да полицейлер мен ауыл тұрғындары істен шыққан автобустың жолаушыларына көмектесті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ақпанның 3 күні Айыртау ауданындағы Қарасевка және Үкілі Ыбырай ауылдарының арасында Петропавл-Имантау бағытымен кетіп бара жатқан автобустың бірден екі дөңгелегі ұшып кеткен. Жолда өтіп бара жатқан жүргізушілердің бірі бұл туралы полицейлерге хабарлап мән жайды түсіндірген. Кейін оқиға орнына келіп жеткен учаскелік полиция қызметкерлері Олжас Ильяшев пен Біржан Мукеев автобус салонында отырған жолаушыларды жол-жөнекей кетіп бара жатқан машиналарға отырғызып, аудан орталығы Саумалкөл ауылына жеткізуді ұйымдастырды.
– Дәл осы уақытта сол маңда жол үстін қардан тазартып жүрген “Петропавл жолдары” ЖШС-ның механизаторы Леонид Рванов көмеккке келді. Оның техникасының көмегімен автобус көтеріліп, жөндеу жұмыстары оңайға түсті. Сондай-ақ, автобустағы екі жолаушы да көмектесуді шешті. Олар ауыл шаруашылығы құрылымдарының бірінің механизаторы Виталий Кузьмин мен ішкі істер органдарының ардагері Александр Поздин. Бұрын учаскелік инспектор болып қызмет атқарған, – деді Олжас Ильяшев.
Кейін автобус жөнделіп Петропавлға оралды. Полицейлер жүргізушілерге көлік құралдарының техникалық жағдайын қадағалап отыруды ескертеді. Қыс мезгілінде жол үстінде түрлі жағдайлар орын алуы мүмкін екенін және жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауды естен шығармау қажет.
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі