2023 жылғы 8 ақпанда өткен баспасөз мәслихатында Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Уфук Экижи Түркияда төрт қазақстандық жоғалып кеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, жер сілкінісінен кейін жоғалған қазақстандықтардың туыстары олармен байланыса алмаған.
– Әзірге басқа ақпарат жоқ,-деді Уфук Экиджи.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Түркия Республикасына елдің оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға шұғыл көмек көрсетуді тапсырған еді.
Сейсенбі күні Түркияға 41 адамнан тұратын топ аттанды, республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушыларынан бөлек Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері де барды. Оларды Газиантепте Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің өкілдері қарсы алды. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері келген бойда техника мен құрал-жабдықтарды түсіріп алған. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі Түркияның зардап шеккен аймақтарына 125 дәрігерден тұратын жасақ жіберуге дайын екенін білдірді.
Сонымен қатар Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған ұлттық аза тұту күнін жариялады.