Шайбалы хоккейден ел біріншілігі аясында «Qulager» клубы өз мұз айдынында атыраулық «Beibarys» командасын қабылдады. Екі ойында да жерлестеріміз қарсыластарынан басым түсті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бірінші ойын тартысқа толы болды. Алдымен солтүстікқазақстандық хоккейшілер кездесуде алға шығып, құлагерліктер сапынан Дмитрий Степанов көзге түсті (1:0). Көп ұзамай командаласы Кирилл Старцев есепті еселеді (2:0).Кездесудің екінші кезеңінде атыраулық Денис Михнин есеп айырмасын қысқартты (2:1). Ойын барысында «Beibarys» клубының хоккейшілері шабуылдарға қарқын қосып, матчтың 33-ші минутында Никита Колесников таразы басын теңестірді (2:2). Үшінші бөлімде және қосымша уақытта қос команда бір-бірінің қорғанысын бұза алмай, төреші булиттер сериясына кезек берді. Мұнда жерлестеріміздің айы оңынан туды (3:2 Б).
Ал қарымта ойында қонақтар есе қайтаруға тырысқанымен, есепті бірінші болып кездесудің екінші кезеңінде құлагерліктер ашты. Нәтижелі соққының авторы Антон Кошелев (1:0). Көп ұзамай атыраулық Владимир Маркелов таразы басын теңестірді (1:1). Шешуші кезеңде «Beibarys» командасы алға шығып, Михаил Дыньков шайбаны қақпаға дәл бағыттады (1:2). Жерлестеріміз де қарап қалмады. Солтүстікқазақстандық клубтың хоккейшісі Евгений Лызин қарсыластың осал жерін тауып, есепті 2:2-ге дейін жеткізді. Үш кезеңнің қорытындысында есеп теңескендіктен, кезек овер-таймға келді. Бұл жолы жерлестеріміз ойынды булитке дейін жеткізбей, Владимир Волков команда үшін маңызды шайбаны соқты (3:2).