Облыс полицейлері бір жыл ішінде ауыл тұрғынынан екінші рет қару тәркіледі, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Өңірде ақпанның 6-нан бастап, «Қауіпсіз апта» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Оның аясында учаскелік полиция инспекторлары барлық бағыттар бойынша жұмысты жандандырды. Мақсаты – криминогендік жағдайды жақсарту, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, қылмысты алдын алу. Рейдтік іс-шара барысында Қызылжар ауданының Соколовка ауылындағы полиция бөлімшесінің қызметкерлері мотосүйрегішпен келе жатқан 37 жастағы азаматты тоқтатты. Полицейлер көлік құралындағы тіркемеден 16-шы калибрлі тіркелмеген қос ұңғылы мылтықты тауып алып, қаруды сараптамаға жіберді. Ауыл тұрғынының айтуынша, мылтықты күзде даладан тауып алып, қараусыз қалған бос үйде сақтап келген.
– Құқық бұзушыға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 482-бабының 2-бөлігі (Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы) бойынша материал жиналды. Өткен жылы осы азаматтан тіркелмеген тегіс ұңғылы мылтық тәркіленген болатын. Бір жыл ішінде қайталап құқық бұзушылық жасаған жеке тұлғаларға салынатын айыппұл мөлшері 20-дан 30 айлық есептік көрсеткішке дейін артады. Естеріңізге сала кетейік, тіркелмеген қаруды ерікті түрде тапсыру қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатады, – дейді Қызылжар аудандық полиция бөлімінің бастығы Әлихан Байқадамов.
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі