Қаңтар айында АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында өткен Универсиадада биатлоннан солтүстікқазақстандық спортшы Бекентай Тұрлыбеков те бақ сынады. Жерлесіміз 10 шақырымдық спринт жарысында жеңіске жетіп, көк Туымызды желбіретіп, Әнұранымызды әуелетті. Алдағы жарыстарға дайындалу үшін Шучинск қаласында жаттығып жүрген жерлесімізге телефон арқылы хабарласып, Qyzyljarnews.kz тілшісі чемпионды сұхбатқа тартты.
– Сен жеңіске жеткен кезде көпшілік Солтүстік Қазақстан облысының тумасы екеніңді білген жоқ. Соған қарағанда туған жерден жырақта жаттығатын сияқтысың. Оқырмандарымызға өзің жайлы қысқаша айтып берші.
– Мен – Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына қарасты Имантау ауылының тумасымын. Теріскейде алты ай бойы қар жатады, сондықтан мұнда туып-өскен балалардың арасында шаңғы тебе білмейтіндер сирек. Мен де бастапқыда шаңғышы болуды армандадым, кейін ата-анаммен ақылдаса келе таңдауым биатлонға түсті. Жалпы бес жасымнан бастап спортпен айналысамын. Бүгінде ұлттық құраманың бас бапкері қызметін ат-қарып жүрген Александр Мухин мен алғашқы бапкерім Сәуле Мухина екеуі мені бұл қысқы спортқа баулып, білмегенімді үйретті.
9-шы сыныпқа дейін Айыртау ауданының атынан Солтүстік Қазақстан облысының аумағында өтетін жарыстарға қатысып жүрдім. Мектеп оқушысы болған кезде кейбір жаттығуларды Борки кентінде өткізетінбіз. Ал бұл жолғы Универсиадаға Көкшетау қаласындағы Абай Мырзахметов атындағы университеттің магистранты ретінде сол оқу орнының атынан қатыстым. Қазір ұлттық құрама сапындамын, жаттығулардың көбі Ақмола облысы Сандықтау ауданына қарасты Балкашино ауылында және Шучинскіде өтеді.
– Биатлон спорты несімен баурап алды?
– Бұл кімнің жеңіске жететінін болжап білуге болмайтын спорт, топ басында келе жатып нысанадан бір рет мүлт кетсең соңында қалып қоюың мүмкін. Демек спортшы шаңғы тебуден бөлек, құралайды көзге атқан мерген болуы шарт. Жарыс бойы салқынқандылықты сақтау қажет. Ату алаңына келгенде жүрегіңнің соғу жиілігі минутына 160-170-ті көрсетіп тұрса да, қолың дірілдемеуі, тынысың бірқалыпты болуы тиіс. Сондықтан кімнің алдыңғы шепке шығатынын ату алаңынан кейін ауысып отырады. Бұл спортшы үшін де, жанкүйерлерге де қызық.
– Универсиададан кейінгі бір сұхбатыңда бұл күтпеген жүлде депсің. Неге?
– Бұл – менің халықаралық жарыстардағы алғашқы медалім. Бұған дейін мен Қазақстан чемпионатында биатлоннан бірнеше сайыста жеңімпаз және жүлдегер атанған болатынмын. Шынымды айтсам, Универсиадада жеңімпаз атанған кезде өз-өзіме қатты таңғалдым. Әлбетте, қуанышымда шек болмады. Жүлдеге ілінермін деп үміттендім, бірақ бәрін басып озып, чемпион атанамын деп ойламадым. Жарыс бойы жоғары қарқынды ұстап тұруға бапкерлерім мен команда менеджерлерінің көмегі көп тиді. Сайыс кезінде толассыз қар жауғандықтан шаңғымен сырғанауда аздаған қолайсыздықтар болды, бірақ мергендігімнің арқасында бірінші орынды соңына дейін сақтап қалдым. Универсиада бізді қолдаушылар көп болды. АҚШ-тағы Қазақстан Республикасының елшісімен кездесу ұйымдастырылды. Елшілік қызметкерлерінің қолдауы ерекше серпін бергені айтпаса да түсінікті. Сондай-ақ универсиада кезінде біздің шаңғышылармен, басқа да спортшылармен кездесіп, бір-бірімізді қолдап жүрдік.
– Олимпиада жүлдесі – әрбір спортшының арманы. Үш жылдан соң Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына іріктеуге қатысып, төртжылдықтың басты додасына бару жоспары бар ма?
– Әлбетте, құрамадағы барлық спортшы 2026 жылы Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына іріктеу жарыстарына қатысуды көздеп отыр. Олимпиадаға дейін IBU кубогі мен әлем кубоктарында жеңіс тұғырына көтерілгім келеді. Дәл қазір біз құрамамен бірге Шучинскіде өтетін жастар мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына дайындық үстіндеміз. Осымен маусым аяқталады. Жаз бойы роллермен жаттығамыз. Қысқы спорт түрімен айналыссақ та, жазда жаттығу бір толастамайды. Қазір мен магистратурада оқимын. Сондықтан оқуға да көңіл бөліп, диссертациямды жазуым керек.