Көктемнің бір күні – жылға азық. Осыны жақсы білетін солтүстікқазақстандық шаруалар қауырт маусымға қамданып жатыр. Қардың көбесі сөгіліп, топырақ құрғасымен алқаптарда техниканың гүрілі естілмек, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі mtrk.kz арнасына сілтеме жасап.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаевтың айтуынша, жердің көлемі өткен жылғыдай 4,4 млн. гектар болады. Оның 3,1 млн. гектары дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарға бөлініп отыр. 1 млн. гектарға жуығы майлы дақылдарға тиесілі. Биыл азық-түлік қауіпсіздігіне ерекше мән беріліп, өңірде картопқа, қарақұмыққа тиесілі жердің көлемі ұлғаяды.
– Өңірге 73,6 мың тонна жанармай берілді. Қазір баға қарастырылып жатыр. Жанармаймен қатар, минералды тыңайтқыш та қажет. Астықтың бітік шығуына септесетін өнім биыл өлкемізде былтырғыдан 30 мың тоннаға көп сіңіріліп, жалпы көлемі 200 мың тоннаға жетпек. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мемлекеттен субсидия да күтеді. Үстіміздегі жылы оның да көлемі қомақты болады. Осы жылы 59,8 млрд. теңге бөлініп отыр. Соның ішінде өсімдік шаруашылығына – 19,6, ал мал шаруашылығына – 9,6 млрд. теңге,- дейді Мейрам Меңдібаев.
Сондай-ақ ол суармалы егіншілік жайлы да айтты. Бұл бағыт өңірімізде ақсап тұрғаны мәлім. Келешекте жағдай жалпы ұзындығы 261 шақырымды құрайтын Сергеев арнасының есебінен түзелуі мүмкін. Биыл өңір басшылығы бір кездері тіршілік көзін аудандарға еш қиындықсыз жеткізген каналды қалыпқа келтіру жұмыстарын бастамақшы