Ақпанның 6-12 аралығында облыс аумағында «Қауіпсіз апта» жедел профилактикалық іс-шарасы өтті. Осы кезеңде солтүстікқазақстандық полицейлер қоғамдық орындарда 414 мас күйдегі азаматты жауапқа тартты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Әдетте құқық бұзушылықтардың жасалуына себеп болатын жағдайлар тұрғылықты мекен жайларға барған кезде айқын көрінеді. Есепте тұрған еңбекке қабілетті күйеуі ішімдікке сылқия тойып, әйелі жұмыстан келісімен оны соққыға жығады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық тіркелген үйлерде осындай жағдайлар көбіне спирттік ішімдіктің салдарынан орын алып жататынын айта кеткен жөн. Бір апта ішінде қорғау нұсқамасын бұзудың 13 фактісі және құқық бұзушылардың мінез-құлқына қойылатын ерекше талаптардың бұзылуының 33 дерегі анықталды.
Полицейлер есепте тұрған жандар тұратын 4 мыңнан астам мекенжайды тексерді. Сондай-ақ тұрмысы қолайсыз 304 отбасы, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 495 адам, тұрмыстық құқық бұзушылық жасаған 554 адам тексерілді.
– Криминогендік ахуалды сақтау үшін алкогольді асыра пайдаланатын адамдардың пайда болу орындарын, жалға берілетін тұрғын үйлерді тексеру ұйымдастырылды. Алкогольді сатқаны үшін 20 адам жауапкершілікке тартылды. Заңсыз айналымнан құрамында спирт бар 400 литрден астам өнімдер алынды, – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Бұдан бөлек, өткен аптада патрульдік полиция батальонының қызметкерлері күшейтілген режімде жол жүрісі қағидаларының өрескел бұзушылықтарын анықтау үшін тексерулер жүргізді. Олар 13 мас жүргізушіні тоқтатты. Іс-шара барысында 1495 түрлі құқық бұзушылық анықталды.