Петропавлда «Урал» мотоциклдері құрастырылуда. Өткен жылдың мамыр айынан облыс орталығында «IMZ Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 570 данасын шығарды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Серіктестік басшысының айтуынша, биыл кәсіпорын 1 мыңға жуық мотоциклді құрастыруды жоспарлап отыр. Аталған көліктің түріне қажетті бөлшектер Ресейден жеткізіледі.
– «Урал» мотоциклдерінің 2 түрін шығарамыз. Олар «Gear Up» және «City» деп аталады. Әзірге тапсырыс «Gear Up»-қа түсіп жатыр. Алдағы уақытта қалада жүруге арналғанын құрастыра бастаймыз. Бұл көліктің ең арзанының құны 9 млн. теңгені (20 мың доллар) құрайды, – дейді «IMZ Kazakhstan» ЖШС-ның директоры Георгий Курмачев.
Облыс орталығында бұл кәсіпорын ашылғалы тұрақты жұмыспен 23 адам қамтылды. Бүгіндері зауытта құрастырылған мотоциклдер Қытай және Жапония елдеріне экспортталуда.