Солтүстік Қазақстан облысында шетелдік тіркеуде болған автокөліктерді заңдастыру жұмысының қарқыны бәсеңдеді. Қазіргі уақытта күніне орта есеппен 60-70 адам мамандардың қызметіне жүгінеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО полиция департаменті процессингтік орталығының аға мемлекеттік автонспекторы Қайрат Сейітқұловтың айтуынша, бүгінге дейін өңірде 1187 автокөлік заңдастырудан өтті. Қазіргі уақытта Петропавлдағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында ұзын-сонар кезек жоқ. Бұған дейін күніне 80-90 адамды қабылдаса, қазір орта есеппен мамандардың алдынан 60-70 адам өтеді екен.
— Оң жақ рөлі бар автокөліктерді тіркеуден өткізуде мәселе бар. Ол машиналардың тізімін жасап, министрлікке, әкімшілік полиция комитетіне жіберіп жатырмыз. Ал жалпы жұмыс бір жолға қойылған. Бізге келмес бұрын тұрғындар үйлерінде отырып, электронды үкімет немесе мобильді қосымша арқылы көлігі заңдастырудан өте ме, жоқ па біле алады. Сондықтан бізге негізінен барлық құжаттарын жинап, электронды түрде кезек алып келіп жатыр, — дейді Қайрат Сейітқұлов.
Маманның айтуынша, заңдастыруға келген бір адамның құжаттарына қатысты қазір тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
— Техникалық паспорты қолдан жасалуы мүмкін деген күдік пайда болды. Сондықтан қазіргі уақытта тексеріс жүріп жатыр. Егер біздің күдігіміз расталса, Петропавл тұрғыны көлігін заңдастыра алмайды. Бірақ оған қатысты ешқандай жаза қолданылмайды. Өйткені оның заң бұзу пиғылы болған жоқ, — дейді мемлекеттік автоинспектор.
Автокөліктерді заңдастыру бойынша өтініштердің азаюына байланысты мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс кестесі де өзгерген. Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ СҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы шетелдік автокөліктерді заңдастыру бойынша мемлекеттік қызмет көрсететін орталық азаматтарды жұмыс күндері сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін, сенбі күні сағат 9:00-ден 14:00-ге дейін қабылдайды. Бұл жұмыс кестесі 6 наурызға дейін өзгеріссіз қалмақ.