Облыс орталығында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттеріне арналған 1200 орындық екі жатақхананың құрылыс жүріп жатыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қос бірдей студенттер үйінің құрылысы өткен жылдың маусым айында басталған. Бүгінде ауқымды жұмыстың 15 пайызы ғана орындалыпты. Жоспарға сәйкес жүріп жатқан жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 5 млрд. теңге қаржы бөлінген. Құрылысқа жауапты «Основание» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Роман Тыртышный студенттер үйі 11 қабаттан, 2 блоктан тұратынын айтты. Әрқайсысы 600 орынға шақталған. Әр қабатта 3-4 адамға арналған 20 бөлме болады. Әзірге 1-ші блоктың 3-ші қабаты тұрғызылып жатыр. Ал 2-ші блоктың 1-ші қабаты енді салынуда.
– Қазір жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Құрылыс материалдарының басым бөлігін мердігер компания өзі шығарады. Ғимараттың сырты жапондық панельдермен қапталады. Жатақхана құрылысы осы жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс, – дейді Роман Тыртышный.
Құрылыс алаңында 60-қа жуық маман тынымсыз еңбек етіп, ауқымды жұмысқа оннан аса техника жұмылдырылған. «Основание» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде көп жылдан бері жұмыс істеп жүрген мамандардың бірі – тас қалаушы Сергей Васильев. Тәжірибелі маман құрылыс жұмысы кестеден қалып қоймауы үшін бел жазбай жұмыс істеп жүргенін айтады. Еңбекақы да үзбей төленіп, құрылыс материалдары уақтылы жеткізіліп тұрады екен.
Бүгінгі таңда М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде 6 мыңға жуық студент білім алып жатыр. Салынып жатқан студенттер үйі осы жастардың бір бөлігін жатақханамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Себебі, қазір жоғары оқу орны студенттерінің 35 пайызы ғана жатақханамен қамтылған. Жылдың аяғында жатақхана құрылысы аяқталса, пәтер жалдап жүрген студенттер үшін үлкен қуаныш болары анық.