ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Петропавл мектебінде болған оқиғағаның мән-жайын баяндады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі «ҚазАқпарат» сайтына сілтеме жасап.
Министрлікте өткен брифингіде ІІМ Күзет қызметін бақылау департаменті басқармасы бастығының орынбасары Серік Құспанов бұл оқиға Үкімет пен Президент Әкімшілігі деңгейінде талқыланғанын атап өтті.
– Менің ойымша, Ішкі істер министрлігінің қорытындысы жақын арада БАҚ-та жарияланады. Сонымен қатар, мектептердегі қауіпсіздік проблемасын тек министрлік ғана емес, сонымен қатар білім, денсаулық сақтау, ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінің, әкімдіктер мен басқа да органдардың қатысуымен Үкімет деңгейінде шешу қажет. Өйткені, төтенше жағдайдың салдарымен күресіп қана қоймай, болған оқиғаның себептерін жою қажет. Өздеріңіз білетіндей, кәмелетке толмаған қылмыскер психиатриялық есепте болған. Сонымен қоса, мұндай қылмыстық әрекеттерді жасауға оның компьютерлік ойындарға деген тәуелділігі ықпал етуі мүмкін. Мұндай ойындар интернетте көп және бұл балалардың психикасына әсер етуі мүмкін, — деп мәлім етті Серік Құспанов.
Спикердің мәлімдеуінше, қазіргі таңда мемлекеттік органдар бірнеше бағыт бойынша білім ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарын қолға алған.
– Оқу-ағарту министрлігі, Ішткі істер және Төтенше жағдайлар министріліктерімен бірлесіп оқу орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жол картасы бекітілді. Оқу-ағарту министрлігі білім объектілерін терроризмге қарсы іс-әрекеттен қорғау жөніндегі нұсқаулықты әзірлеп, бекітті. Сондай-ақ, біз де өз тарапымыздан қажетті көмек көрсетеміз, — деді Серік Құспанов.