Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері науқасты ауруханаға дейін жеткізуге көмектесті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Өткен жексенбі күні патрульдік полиция батальонының қызметкері Ерқанат Еркінов пен Асиман Мирзоев Челябі – Новосібір автожолында жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген. Жолдың 537-ші шақырымында «Chevrolet Aveo» көлігін тізгіндеген Пеньково ауылының тұрғыны полицейлерден көмек сұрады. Теміртұлпар иесі жүрегі ауырған ауылдасын ауруханаға жеткізе алмаудан қорыққан. Тәртіп сақшылары шетелдік көліктің алдына түсіп, жарқылдауық маяктары мен сиренасын қосып діттеген жерге аттанды. Медициналық көмекке мұқтаж 43 жастағы ер адам жедел түрде кардиологиялық орталыққа жеткізілді. Кейін оның жұбайы қызметкерлердің бірінің телефон нөмірін біліп, алғысын жазып жіберген.
– Сәлеметсіз бе! Сіз бүгін “Chevrolet Aveo” автокөлігіне мінген менің жолдасымды аман-есен жеткізуге көмектестіңіз. Ол жүрек талмасына ұшырады. Мен оның жұбайымын. Уақытылы жеткізіп, дәрігерлерге тапсырылды. Қажетті көмек көрсетілді, – делінген хабарламада.
– Қызметкерлер тек өз міндеттерін орындады. Патрульдік экипаждар кезекшілікке шығар алдында оларға қиын жағдайға тап болған адамдарға көмектесу туралы айтылады. Десе де, азаматтардың алғысы қызметкерлерді жұмысты жақсы атқаруға ынталандырады, – дейді СҚО ПД патрульдік полиция батальонының командирі Уәлихан Оразалин.
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі