СҚО-да санитар дәрігерлер тұрғындарға маска киюге кеңес берді

Авторы: Qyzyljar News

Солтүстік Қазақстан облысында жедел респираторлы вирустық инфекцияны жұқтырғандар саны күрт артты. Өткен аптада 1657 адам ауырған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өңірде жедел-респираторлық вирустық инфекцияны жұқтырғандар саны 10 % артты. Өткен аптада 1657 адам ауырып, дәрігерге көрінген.

Биылғы эпидемиологиялық маусымда тұмаумен ауырғандар да көп. Қауіпті дертті 277 адам жұқтырған, оның 250 жағдайында В типті, 27 жағдайда А типті тұмау болған. Соның ішінде 23-і – «шошқа», 4-і – «гонконг» тұмауы. Ауырғандардың ешқайсы тұмауға қарсы екпе қойдырмағанын айта кеткен жөн.

— Тұмауды жұқтырғандардың 53-і – жүкті әйел, 86-сы – 14 жасқа дейінгі бала, соның жартысы – мектеп оқушысы. Құбылмалы ауа райына байланысты өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Сондықтан ауруды жұқтырмау үшін маска киюге, әлеуметтік ара қашықтықты сақтауға, халық көп жүретін жерлерге бармауға және жеке бас гигиенасын сақтап, қолды жиі сабындап жууға кеңес береміз. Өйткені ЖРВИ мен тұмау вирусы ауа-тамшы жолдарымен ғана емес, қолмен де көзді, мұрынды, ауызды ұстаудан шырышты қабат арқылы берілуі мүмкін. Бұдан басқа иммунитетті көтеру қажеттігін еске саламыз. С дәруменін ішіп, жұмыс пен демалу режімін сақтаған жөн. Жеткілікті ұйықтап, дұрыс тамақтану қажет, — дейді санитар дәрігерлер.   

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz