Бүгін Петропавлда көктайғақтың салдарынан 17 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Абырой болғанда жарақаттанғандар жоқ, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Көктайғаққа байланысты жол патрульдік полиция батальоны күшейтілген режімде жұмыс істеп жатыр. Кеше ғана бір тәуліктің ішінде облыс орталығында 7 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, бүгін түске дейін мұндай 17 факті тіркелді.
Сондай-ақ, мұз басқан жолдарда тайып құлағандар қатары да артып келеді. Өткен тәуліктен бастап дәрігерлердің көмегіне 58 адам жүгінді. Оның 13-і дереу ауруханаға жатқызылды.
– Құбылмалы ауа райыға байланысты Петропавл көшелерін мұз басты. Жұмысқа асыққан тұрғындар тайғанап құлау фактілері жиіледі. Кешегі сағат таңғы 8:00-ден бастап, дәрігерлердің көмегіне 58 адам жүгінді, оның 26 жедел жәрдем қызметімен травматологиялық орталыққа жеткізілді, – делінген СҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.