Ақпанның 20 бастап көші-қон қызметінің қызметкерлері “Мигрант” жедел-алдын алу іс-шарасы режімінде жұмыс істеп жатыр. Оның мақсаты – көші-қон заңнамасын бұзушылықтардың жолын кесу, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
3 күн ішінде құқықтық тәртіп сақшылары СҚО-да басқа мемлекеттердің азаматтары тарапынан 45 бұзушылықты анықтады. Екі жағдайда бұл Қазақстанның визалық режімі белгіленген Германия және Түрікменстан елдерінің тұрғындары болып шықты. Олар рұқсат етілген мерзімді асырып жіберген. Сонымен қатар 38 солтүстікқазақстандық 3 күн ішінде көші-қон қызметіне шетелдіктерді қабылдағаны туралы хабарламағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
– Жедел профилактикалық іс шарасы шеңберінде базарларға, құрылыс нысандарына, ауыл шаруашылықтарына және басқа елдердің тұрғындарының басқа да ықтимал болу және жұмысқа орналасу орындарына тексеру жүргізіліп жатыр. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартудың 5 фактісі анықталды. Сондай-ақ іс-шараны өткізу кезеңінде Қазақстан Республикасынан сот шешімі бойынша екі шетелдік шығарылды, оның ішінде Тайынша ауданының аумағында болған қос азаматтығы бар Ресей Федерациясының тұрғыны анықталған. Қазақстан Республикасында қос азаматтыққа тыйым салынғанын еске саламыз, – деді облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов.