Мысыр елінде грек-рим күресінен «Ибраһим Мұстафа» атындағы рейтингтік халықаралық турнир өтті. Жарыста солтүстікқазақстандық балуан Аманғали Бекболатов топ жарды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Боз кілемде ел намысын қорғаған спортшылар екі алтын, екі күміс және үш қола медальға қол жеткізді. Жерлесіміз Аманғали Бекболатов 55 келі салмақта өнер көрсетіп, алтыннан алқа тағынды.
– 55 кел салмақта Қазақстаннан үш балуан болдық. Қарсыластарым қатарында Үндістан, Грузия, Мысыр, Қырғызстан және Румыния елдерінен келген спортшылар да бар еді. Қуанышымызға орай, барлық медальдар бізге бұйырды, – дейді Аманғали Бекболатов.
Турнирде солтүстікқазақстандық балуан үш кездесу өткізді. Бірінші айналымда Аманғали қырғызстандық спортшыны 8:0 есебімен ұтса, жартылай финалда румыниялықты 9:0-мен қапы қалдырды. Ақтық сында жерлесіміз қазақстандық Марлан Мұқашевпен белдесіп, оны айқын басымдықпен ұтты.