Биыл облысішілік қоғамдық көліктердің 46 бағытын субсидиялауға 361 млн. теңге қарастырылып отыр. Дегенмен өңірде қала мен аудандарды, ауылдарды байланыстыратын жалпы 54 автобусты толыққанды қамту үшін бұл қаражат аздық етеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бұл мәселе қоғамдық кеңестің кезекті отырысында көтерілді. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жетекшісі Мақсат Баяхметтің айтуынша, облысішілік бағыттарды толыққанды қамту үшін қосымша 566 млн. теңге қаражат қажет.
– Өткен жылы облысішілік 43 бағытты субсидиялауға 802,5 млн. теңге бөлінді. Жолаушылар тасымалымен айналысатын жеке кәсіпкерлердің қызметіне 567 мыңнан астам адам жүгінді. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда біршама өсті. Биыл 361 млн. теңге қарастырылған. Өңірде қаланы ауданмен және ауылдармен байланыстыратын 57 бағыт бар екенін ескерсек, бөлінетін қаражат аздық етеді, – деді Мақсат Баяхмет.
Естеріңізге салсақ, облыста 123 бағыт бойынша қатынайтын қоғамдық көлік бар. Оның 8-і өңіраралық, 54-і облысішілік, 30-ы ауданаралық, 11-і қала маңындағы жақын ауылдарды қамтыса, 19-ы қалалық және 9-ы ауылдық бағыттар. Барлық автобустардың 83,3 пайызы күн сайын үздіксіз жолаушылар тасымалымен айналысады.
Өткен жылы облысішілік аумақты қамтитын жаңа бағыттар ашылғанын атап өткен жөн. Олар «Новоникольское – Петропавл», «Советское – Петропавл», «Карагандинское-Петропавл», сондай-ақ әлеуметтік маңыздағы «Петропавл – Светлое, Айтуар, Тахтаброд, Плоское, Надежка, Новопокровка, «Тонкошуровка – Петропавл» және «Волошинка – Петропавл».