Табыстан гөрі шығыны көп. Жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпкерлерге жаңа тариф ауадай қажет. Мұны облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жетекшісі, қоғамдық көлік қызметіндегілер де алға тартып отыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
– Өткен жылы қоғамдық көліктердің қатынау географиясы кеңейтілгендіктен жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындар қосымша 13 автобус сатып алды. Бұл әрине әлеуметтік бағыттарға бөлінген субсидияның арқасында мүмкін болды. Дегенмен 2017 жылдан бері жеке кәсіпкерлердің шығыны екі есеге өскенін айту керек. Мысал келтірсек, дизель отынының бағасы 130-дан 260 теңгеге, бензиннің құны 150 теңгеге дейін артты. Сондай-ақ жаңа автобустар да қымбаттады. Сондықтан биыл жолақысы үшін төленетін соманы бір километріне 2 теңге қосу қажет деп санаймын. Бюджеттен бағытталған қаражаттың арқасында Ғабит Мүсірепов атындағы, Ақжар, Уәлиханов және Айыртау аудандарындағы шалғай ауылдарды қоғамдық көлікпен қамти аламыз, – деді СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Баяхмет.
Жолаушылар тасымалына қатысты жаңа тариф нормативтік-құқықтық актілер порталында өткен жылы қарашаның 25-сі мен желтоқсанның 9-ы күндері аралығында онлайн талқылау мақсатында жарияланған болатын. Жақын арада облыстық мәслихат депутаттарының қарауына жіберіледі.