Петропавл қаласындағы NIS-тің үш оқушысы Гонконгтың жетекші университеттеріне оқуға түсті

Авторы: Qyzyljar News

Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушылары — Олжас Құсайын, Нұрсат Керей және Айсана Басагаринова Азия құрлығының үздік жоғары оқу орындарының гранттарын иеленді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Олжас Құсайын мен Нұрсат Керей «City University of Hong Kong» (CityU) университетін таңдады. Гонконг қалалық университеті жоғарғы оқу орындарының әлемдік рейтингінде (World QS Ranking) 54-ші және университеттердің Азиялық рейтингінде 23-ші орында тұрақтаған. Бұл ғылыми-зерттеу және жоғары білім беру саласында жоғары беделі бар, әлемдік деңгейде қарқынды дамып келе жатқан оқу ордасы екенін атап өткен жөн. Олжас электр инженериясын бағдарламасын таңдаса, Нұрсат биоинженер болуды армандайды.

— Поштама CityU-дан шақыру келген кезде таң қалып, жұмсалған уақыт пен күш-жігерімнің бекер болмағанын түсіндім. Бұл университет жоғары академиялық стандарттарымен ерекшеленеді әрі шетелдік студенттердің үлесі жоғары. Осыған қарап оның беделі жоғары екенін көруге болады, — дейді Нұрсат.

— Құжаттарымды осы университетке жолдаған уақытта грант алатыныма сенімді болдым. CityU алғашқы болып жауап беріп, шақырту жолдады. Олардың Electrical and Electronic Engineering факультеті Гонконг пен Азиядағы ең жақсы болып саналады, — деген Олжас қолдау көрсеткен ата-анасына, мұғалімдерге, достарына алғысын жеткізді.

Мектептің тағы бір оқушысы Айсана Басагаринова Гонконг Қытай университетінің (Тhe Chinese University of Hong Kong) грант иегері атанды. Айсана алдымен мектептен номинацияны жеңіп алып, кейін шетел университетінің биоинженерия бағдарламасына байқауға құжат тапсырды. Гонконгтың аталған оқу орны университеттердің әлемдік рейтингінде 38-ші орында тұр. Сонымен қатар ол Азияның үздік 12 жоғары оқу орындарының қатарына кіреді. 1963 жылы құрылған ірі университеттің ғылыми зерттеулерінің нәтижелері мен қоғамға қосқан үлесі сапаның ең жоғары стандарттарына сәйкес келеді.

Мен аталған жоғары оқу орнында оқуға мүмкіндік алғаныма өте қуаныштымын. Бұл менің академиялық мансабымды жалғастыруға тамаша мүмкіндік болмақ. Алда биотехнологияны дамыту үшін осы жерде сапалы білім мен мол тәжірибе аламын деген үміттемін, -деп бөлісті Айсана.

Бүгінгі таңда Гонконг университеттерінде Петропавлдық зияткерлік мектептің 3 түлегі оқиды. Екеуі «Hong Kong Polytechnic University» студенті, тағы біреуі Hong Kong University-де білім алуда.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz