СҚО-да шекарашылар өмір сүруге қолайсыз жағдайларда мемлекеттік шекараны күзету қызметін атқаруға мәжбүр. Өңірдің шекаралас ауылдарында шекарашылар қызметінің жағдайын жасау туралы мәселе облыстық қоғамдық кеңестің отырысында қаралды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі департаменті басқармасының бастығы полковник Сәкен Ұрмантаев әскери қызметшілер үшін шекара маңындағы ауылдарда тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі ерекше өзекті екенін айтты.
– Шекара бөлімшелерінде әскери қызметшілердің көпшілігі Қазақстан Республикасының басқа аудандардан не облыстардан келіп әскери қызметтерін атқаруда. Сонымен қатар, шекара бөлімшелері орналасқан шекара маңындағы елді мекендердегі үйлердің көбісінің тозығы жеткен. Мұндай жағдайлар Уәлиханов ауданының Босағаш ауылында, Ақжар ауданының Горьковское және Кіші-Қараой ауылдарында, Мағжан Жұмабаев ауданының Возвышенка, Надежка, Қарақоға мен Конюхово ауылдарында және Қызылжар ауданының Долматово және Сумное ауылдарында көп кездеседі, — деп атап өтті Сәкен Ұрмантаев.
Сумное ауылында орналасқан «Ақыш» шекара бөлімшесінің әскери қызметшілері бекеттен 14 км қашықтықта орналасқан Виноградное ауылында тұруға мәжбүр. Соның кесірінен әскери қызметшілер шекара маңына діттеген уақытта тез арада келе алмайды.
– Жалға берілетін үйлердің бағалары да көтерілді. Бүгінгі таңда әрбір әскери қызметші үйлерді жалға алу үшін 30-дан 80 мың теңгеге дейін төлейді. Қызметшілердің көбісі отбасыларын тастап жалғыз тұруға мәжбүр. Өйткені елді мекендерде емдеу мекемелері жоқтың қасы. Аудан орталықтары мен Петропавлға қоғамдық көлік қатынамайды. Бұл мәселе әсіресе Уәлиханов және Ақжар аудандарында өткір тұр, — деді Сәкен Ұрмантаев.
Сондай-ақ тұрғын үйден бөлек, сумен қамтамасыз ету мәселелері де өзекті. Мәселен, Қызылжар ауданының «Қызылжар», Уәлиханов ауданының «Бидайық», Мағжан Жұмабаев ауданының «Қарақоға» және Мамлют ауданының «Жаңажол» өткізу пункттерінде ауыз су пайдалануға жарамсыз. Шекарашылар болса ішуге және тамақ дайындауға арналған суды жеке қаражатына сатып алуға мәжбүр. Сәкен Ұрмантаев өткізу пункттерінің аумағында тұщы су ұңғымаларын бұрғылау қажет екенін айтты.
– Жоғарыда аталған өткізу пункттерінің әкімшілік ғимараттарында жылыту жүйесіне күрделі жөндеу жүргізу қажет. Жылу трассасын толық жөндеп, құбырларды ауыстыру керек. Паспорттық бақылау кабиналарында жылу тек портативті жылытқыштардың көмегімен қамтамасыз етіледі. Бұл электр желісіне және қысқа тұйықталуға, тіпті өртке әкелуі әбден мүмкін, — деп атап өтті Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі департаментінің басшысы.