Биыл «BioOperations» ЖШС өндіретін бидай глютені Бразилияға экспортталды. Осылайша кәсіпорын саудалайтын тауарының географиясын кеңейтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бұған дейін жергілікті серіктестікте өндірілген бидай глютені Түркия, Беларусь, Ресей Федерациясы, Италия, Нидерланды елдеріне саудаланған. Енді бұл тізімге Бразилия мемлекеті енді.
– Ақпан айында біздің мамандар тауарды Бразилияға жеткізу үшін сертификаттаудан өтті. Нәтижесінде рұқсат құжаттары берілген соң глютеннің 45 тоннасы Бразилияға жөнелтілді. Сондай-ақ, «BioOperations» компаниясы өткен жылдан бастап, Ұлыбратанияға биоэтанол экспорттауды қолға алды. Бұл өнім Еуропада автомобиль жанармайы ретінде кеңінен қолданылады. Жүкті жеткізуші – «GGANIC Agro Export» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Бекеев.
Естеріңізге салсақ, «BioOperations» компаниясы астықты терең өңдеумен айналысатын жоғары технологиялық кәсіпорын болып табылады. Зауыт Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша қаласында орналасқан және биоэтанол, бидай глютені, крахмал, ұн және мал азығын өндіреді. Кәсіпорын «KazFoodProducts» компаниялар тобының құрамына кіреді.
– Біз өнімімізді Қазақстанда да, шетелде де саудалап келеміз. Экспорттық елдердің қатарында Өзбекстан бар, оларға кебек жібереміз. Ал Ауғанстанға ұн сатамыз, Англияға – биоэтанол, Үндістанға, АҚШ-қа, Колумбияға, Түркияға, Ресей Федерациясына, Италияға, Нидерландыға бидай глютені мен крахмалды экспорттаймыз. Осы жылдан бастап біз Бразилияға да экспортты жолға қоюды жоспарлап отырмыз. Күніне шамамен 40 тонна бидай глютенін өндіретінімізді айтка кеткен жөн, – дейді «BioOperations» ЖШС сату бөлімінің бастығы Амангелді Қазинов.
Жыл басынан облыстық кәсіпкерлер палатасының мамандары жергілікті тауар өндірушілерге өнімді шетелге сатуға рұқсат беретін 556 тегін экспорттық сертификат берді.