Аққайың ауданының 45 жастағы тұрғыны өткен жылдың күзінде саңырауқұлақ теріп жүргенде тегіс ұңғылы мылтықты тауып алған. Бұл қаруды полицейлерге уақытылы тапсырмаған ол жазаға тартылуы мүмкін, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО полицейлері тіркелмеген қаруды жасырған адамдарды оны полицияға өз еркімен тапсыруға шақырады. Бұл қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмаудың жалғыз жолы дейді мамандар. Естеріңізге салсақ, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 482-бабына (Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы) сәйкес, заңсыз сақтағаны үшін 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
– «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Аққайың аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері 45 жастағы ауыл тұрғынының үйінен «ИЖ-58» маркілі тіркелмеген тегіс ұңғылы мылтықты тауып алды. Азамат қаруды үйдің бір бөлігінде сақтаған. Мылтық тәркіленіп, сараптамаға жіберілді. Егер ол атыс қаруы деп танылса, құқық бұзушыға ҚР ӘҚБтК-нің 482-бабы (Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы) бойынша жауапкершілік жүктеледі, – Аққайың аудандық полиция бөлімінің бастығы Руслан Сапаров.
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі