Қылмыстық-атқару заңнамасының негізгі міндеттерін орындау, сондай-ақ сотталғандарға әлеуметтік-пайдалы байланыстарды қолдауға көмек көрсету мақсатында “№48 мекеме” РММ-де таксофон аппараттары орнатылды. Олар арқылы сотталғандар күн сайын туыстарымен және жақындарымен сөйлесе алады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бүгінгі таңда мекемеде Қазақстанның түрлі өңірлерінен 700-ден астам сотталған жазасын өтеп жатыр. Көптеген сотталғандардың туыстарының ұзақ және қысқа кездесулерге бару мүмкіндігі жоқ, сондықтан жақындарымен байланыста болудың жалғыз жолы – телефон арқылы сөйлесу.
– Менің ойымша, бұл туыстарымның дауысын естуге тамаша мүмкіндік. Әдетте, сөйлесуден кейін жүрегімде жылулық пайда болып, жаман ойлар басымнан кетеді. Үйіме тезірек оралып, бәрін басынан бастағым келеді, – дейді сотталғандардың бірі.
Сотталғандар арнайы жасалған кесте бойынша қоңырау шалады. Мекеменің таксофон аппараттары күн сайын таңғы сағат 9:00-ден кешкі 21:00-ге дейін жұмыс істейтінін айта кеткен жөн. Қоңырауларды жедел бөлімнің қызметкерлері, сондай-ақ мекеменің хаттарды жеткізу және тексеру жөніндегі инспекторы Әнуарбек Тажиев бақылайды.