Петропавлдағы облыстық есту кемістігі бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернатының төрт кабинеті оқуға қажетті жаңа құрал-жабдықтармен жарақтандырылды. Бұл мақсатқа «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры тарапынан 33 млн. теңге бөлінді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Мектеп-интернатқа қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу «Арнайы мектеп білім беру ұйымдарын жарақтандыру» қайырымдылық бағдарламасы аясында мүмкін болды. Нәтижесінде есту кемістігі бар балалар оқитын білім ордасының бастауыш сыныптары, ағаш ұстасының шеберханалары жаңартылды. Кабинеттерге заманауи әрі ыңғайлы жиһаз, компьютерлер, интерактивті панельдер орнатылды. Сондай-ақ тактильді-дамытушы және сенсорлық жабдықтар, соңғы модификациядағы сөйлеу тренажерлері де қойылған. Бұл техника балаларды оңалтуға және қоршаған ортаға тез бейімделуге септігін тигезеді.
–Біз мұндай көмекті алғашқылардың бірі болып алдық. Енді оқушыларымыз есту қабілетінің нашарлығына қарамастан өзге білім ордаларының тәрбиеленушілерінен кем түспей, арнайы құралдармен сабақ оқи алады. Мәселен, кабинеттерге лингафондық жабдықтар орнатылды. Оның көмегімен мұғалімнің сабақты түсіндіру тәсілдері жеңілдей түседі, – деді облыстық есту кемістігі бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернатының директоры Жеңіс Әбілмәжінов.
Облыста «Арнайы білім беру ұйымдарын жарақтандыру» бағдарламасы шеңберінде 7 арнайы мектепке қажетті құрал-жабдықтар сатып алынады. Тың жобаның бірінші кезеңінде 4 білім ордасын жаңартуға 94,2 млн. теңгеге жуық қаржы қарастырылып отыр. Олардың қатарында даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған Чкалов арнайы (түзету) мектеп-интернаты, Соколов арнайы мектеп-интернаты, даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған Ломоносов арнайы (түзету) мектеп-интернаты бар.