Облыс әкімі Айдарбек Сапаров халықаралық әйелдер күні қарсаңында нәзік жандарды мерекемен құттықтады. Мейрамға орай 40 қыз-келіншек марапатталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Салтанатты шарада өңірдің дамуына сүбелі үлес қосқан асыл жандар сый-марапатқа ие болды. Олардың арасында түрлі салада қызмет ететін қыз-келіншектер мен көпбалалы балалар бар. Айдарбек Сейпілұлы көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Аруларымызды көктем мерекесімен құттықтаймын. 21 ғасырда әйелдер отбасының ошағын сақтап, бала өсіріп қана қоймай, әлеуметтік және кәсіби салада да өздерін танытуда. Жоғары санатты мамандар, кәсіпкерлер, меценаттар – осы рөлдердің барлығын әйелдер де атқаруда, – деді СҚО әкімі Айдарбек Сапаров.
Мерекелік кеште жергілікті өнерпаздар ән мен биден шашу шашты. Қазақстан эстрада жұлдыздары да өз тартуларын асыл, аяулы жандарға жеткізді.