Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, өткен демалыс күндері қала тұрғындары ведомствоға қоңырау шалып, қалада еліктер жүргені туралы хабарлаған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Еліктердің бірі «Қарасай» стадионы аумағында жүрген. Кейін «Дельфин» бассейнінің жанында ұсталды. Екінші жануар «Кирпичный» шағын ауданындағы наркологиялық диспансердің аумағында қолға түсті. Қазіргі уақытта жануарлар «Пригородное» аңшылық шаруашылығының аумағына жіберілді.
— Мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің ұйымшыл әрекеттерінің арқасында оларды құтқару мүмкін болды. Елді мекендердің аумағында жабайы жануарлар табылған жағдайда 8(7152)46-41-31, 53-36-35 нөмірлері бойынша хабарлауды сұраймыз, — деп атап өтті басқарма мамандары.