Солтүстік Қазақстан облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жеке кәсіпкер арызданып, тұрақтандыру қорындағы азық-түлікті қымбат бағаға алуға мәжбүр болғанын айтты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, шағымданушы «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тарапынан әкімшілік кедергінің жасалғанын хабарлаған.
Кәсіпкердің айтуынша, ол ауылдық жерде дүкен ұстайды. Сату үшін тұрақтандыру қорынан әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 5 түрін алмақ болады. Алайда акционерлік қоғамда оны әлеуметтік қантты қосымша алуға міндеттеген. Бұл тауар ол жерде басқа көтерме бағамен сатушылардан 30 теңгеге қымбат болған.
— «Солтүстік» ӘКК» АҚ осылайша шағын бизнес субъектілері есебінен бұрын қымбат бағаға алынған азық-түліктен құтылмақ болған. Ведомствоның араласуынан кейін барлық тараптардың қатысуымен кездесу өтіп, мәселе оң шешілді. Яғни, кәсіпкерлер қажетті азық-түлікті еш шектеусіз сатып ала алады, — делінген хабарламада.