Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік қызметшілер мереке алдындағы аптада қазақтың ұлттық киімдерінде жұмыс істейтін болады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірде Наурыз мейрамына арналған іс-шаралар басталды. Мерекеге орай мемлекеттік қызметшілер әдеттегі ресми жұмыс киімінің орнына ұлттық нақыштағы қамзолдар мен шапандарды киді.
– Ою-өрнектермен безендірілген жарқын шапандар мен камзолдарды кию жақсы дәстүрге айналды. Осылайша, солтүстік өңірдің мемлекеттік қызметшілері ұлттық мәдениетке құрмет көрсетіп, Наурыз мейрамы қарсаңында мерекелік көңіл-күй сыйлады, -деп толықтырды баспасөз қызметі.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде де ұлттық киім апталығы басталды. Мамандар бұл дәстүрді Наурыз айында ғана емес, күнделікті өмірде де киюді ұсынады.