Солтүстік Қазақстан облысында құтқарушылар сегіз адамды, оның ішінде алты әйел мен 10 жасар баланы қар құрсауынан шығарды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, наурыздың 15-сі күні Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөл ауылынан 15 шақырым жерде жолаушылар автобусы пен жеңіл автокөлік боранда қалып қойған. Қар құрсауында қалғандар «112» нөміріне қоңырау шалып, көмек шақырды. Оқиға орнына дереу аудандық ТЖ бөлімінің қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар мен полицияның мамандары жіберілді.
Адамдарды құтқару үшін өтімділігі жоғары «УАЗ» және жүк тиегіш көлік пайдаланылды. Бес сағаттан соң қар құрауында қалғандар аудан орталығының орта мектебіндегі эвакуациялық пункте орналастырылды. Жолаушыларға ыстық шай беріліп, тамақтандырылды.