Шағын және орта бизнес саласына «жасыл экономика» қағидаттарын енгізу мәселелері талқыланды

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Облыстық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған онлайн тренингте шағын және орта бизнес саласына «жасыл экономика» қағидаттарын енгізу  мәселелері талқыланып, ұтымды ұсыныстар ортаға салынды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Орта Азиядағы табиғи ресурстарды орнықты пайдалану жөніндегі халықаралық сарапшы Йорг Андреас Динкелакер ауыл шаруашылығында энергия көздерін тұтынудың жаңартылған технологияларына көшу жолдарын баяндап берді. Агроөнеркәсіптік кешендегі төмен көміртекті даму қағидаттарын енгізуге байланысты стандартты шешімдер таныстырылып, табиғаттың бұзылуы өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы қызметін жаңа тұрғыдан бағалауға итермелеп отырғаны айтылды. Көмірқышқыл газы және басқа да парниктік газдардың шығындары бойынша Қытай, АҚШ және Үндістан көш бастап тұр. Қазақстан бұл рейтингте 200 елдің ішінде 23-ші орынға тұрақтаған. Әлемдік өркениет жаһандық жылынуға  тез арада бейімделмесе,  адам денсаулығына, қоршаған ортаға орасан зиян келуі әбден ықтимал.

Жаңартылатын энергия көздері мен ылғал үнемдейтін технологияларды пайдалану климатқа зиянды айтарлықтай азайтып қана қоймай, сонымен қатар бизнеске оң әсер ететіні жекелеген елдердің үлгісінен анық байқалады. Қазақстанның осы бағыттағы тәжірибесі және тұтынылатын энергияның бір бөлігін жаңартылатын көздерге ауыстыру, кірістерді әртараптандыру жайын білу аса маңызды.

Кәсіпкерлерге баламалы энергия көздері мен ылғал үнемдеу технологияларын енгізу, сондай-ақ ауыл шаруашылығында жаңартылатын энергия көздерін қолдану бойынша 10 қанатқақты жоба іріктеліп алынып,  фермаларға қажетті жабдықтар тегін орнатылады. Қой шаруашылығымен айналысатын «Қаратомар» ЖШС-ның (Тайынша ауданы) және жеке кәсіпкер Вера Сухова жетекшілік ететін  шағын құс фермасының (Айыртау ауданы) өтінімдері қабылданды. Бірінші шаруашылықта жаңартылатын энергия көздерін енгізу тәжірибесі қалыптасқан. Шопанның жылжымалы вагонын автономды қуаттандыру үшін күн панельдерін сатып алған. Алайда мал санының өсуіне байланысты екінші вагонды жабдықтау қажеттілігі туындаған. Осы себепті қуаты 5кВт GPS сорғысы мен датчигі бар күн электр станциясын орнатуға тапсырыс берген. Ал құс фермасына күн электр станциясы, температура датчигі және энергияны басқару жүйесі қажет. Өйткені құстарды ұстау технологиясы бөлмедегі микроклиматты сақтау және инкубаторлардың жұмысы үшін электр энергиясын тұтынуды қажет етеді. Ээлектр қуатының жетімсіздігі жұмыс режімінің бұзылуына соқтыруы  мүмкін.

Петропавлдық жеке кәсіпкер Дмтрий Шледевиц жеміс-жидек тәлімбағын ашпақ ниетте жүргенін жеткізді. Ол өндіріс процесін жеңілдетудің және өнімнің өзіндік құнын  кеміте отырып, барынша арзан көкөніс  өсірудің  ең оңтайлы нұсқасын таңдап алған. Бұл – су ресурстары мен күн энергиясын үнемді және тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін тамшылатып суару, мұның өзі күн батареялары есебінен қосымша 5 кВт алуға мүмкіндік береді.

Тренингке қатысушыларға БҰҰ-ның даму бағдарламасы шеңберінде «жасыл» технологияларды қолдаудың әдіс-тәсілдері жайлы да кеңінен мағлұмат берілді. Тренингке қатысқан  жабдықтарды жеткізуші компаниялардың өкілдері оларды орнату мерзімі мен құны туралы да айтып берді.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz