Петропавл тұрғыны полицияға заңсыз сақталған оқ-дәрілерді тапсырды, деп Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Петропавл тұрғыны заңсыз сақталған 7 шағын калибрлі оқ-дәрілерді тапсыру үшін өз еркімен полицейлерге жүгінді. Қауіпті заттар алынып, сараптамаға жіберілді. Тәртіп сақшылары қала тұрғынының іс-әрекетінде басқа қылмыс құрамы бар-жоғн тексерген соң, оқ-дәрілерді заңсыз сақтағаны үшін жауапкершіліктен толығымен босатылатын болады. Аталған факт 15 наурызда бастау алған «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы аясында тіркелді.
Жедел алдын алу іс-шарасы барысында екі күннің ішінде оқ-дәрілерді және қаруды заңсыз сақтаудың екі фактісі анықталды. Наурыздың 15-нен бастап есепте тұрған 1477 адам тексерілді. Шартты түрде мерзімінен бұрын босату режімін бұзудың 12 дерегі және отбасылық жан-жалқойларға қатысты сот шығаратын ерекше талаптардың бұзылғанына қатысты 11 факті тіркелді.
Ал отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қайшы әрекеттердің 34 жағдайы тіркелді.
– Екі күн ішінде 818 түрлі әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Ең жиі кездесетіндердің қатарында — ішімдік ішу және қоғамдық орындарда мас күйінде пайда болу. Жұмыс барысында 54 адам уақытша бейімдеу және интоксикация орталығына жеткізілді. Тәжірибе көрсеткендей, алкогольді асыра пайдалану – маңызды криминогендік факторлардың бірі. Сондай-ақ екі тәулік ішінде полиция қызметкерлері алты мас жүргізушіні тоқтатты, – деді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.
«Құқықтық тәртіп» акциясы аясында іздеуде жүрген 16 адам және есірткі заттарын заңсыз пайдаланғаны үшін 4 адам ұсталды.