Петропавлдағы № 17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінде №596 сайлау учаскесі жұмыс істеп келеді. Мұндағы дауыс беруші тұрғындардың саны 2 мыңнан асады. Qyzyljarnews.kz тілшісі сайлау учаскіне барып, ондағы азаматтардың белсенділігін бағамдап көрді.
№596 сайлау учаскесінің төрағасы – Самат Бекетаев. Оның айтуынша, дауыс беру орны таңғы сағат 07:00-ден бастап жұмыс істеуде. Алғаш рет саяси науқанға қатысып жатқан азаматтарға кәде сыйлықтар қарастырылған.
— Біздің учаскіге Батыр Баян, Бостандық, Егемен Қазақстан, Гоголь және Интернационал көшелерінде орналасқан 12 үйдің тұрғындары өз дауыстарын беруге құқылы. Барлығы 2090 адам тіркелген. Таңғы сағат 11:30-дағы ақпарат бойынша учаскімізге 232 тұрғын келіп, өз таңдауларын жасады. Әрқайсысына 5 бюллетень қағаз беріледі, — дейді сайлау учаскесінің төрағасы.
Қала тұрғыны Данияр Аман елде болып жатқан оң өзгерістерге куә. Биыл азамат өз таңдауын жасауға келгендердің қатарында. Әр сайлаудан қалыс қалмай жүрген ол, осы жолы да халық сенімін ақтар үміткерге дауыс берді.
— Бүгін демалыс болса да, ерте тұрып сайлау учаскісіне келдім. Мен таңдаған партиям мен депутаттыққа үміткерім жеңіске жететініне сенімдімін. Әр тұрғынды саяси науқанда белсенділік танытуға шақырамын, — дейді қала тұрғыны.