Осыдан бір жыл бұрын 6 жыл 8 айға сотталған солтүстікқазақстандық Бейбіт Молдашев бостандыққа шықты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бейбіт Молдашев 2017 жылдың басында «Жарқын СК» ЖШС және басқа да бірқатар ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының барлық қаржы-шаруашылық қызметтерін басқарған болатын. Ол ауыл тұрғындарының жер үлесін жалған құжат жасау арқылы банкке кепілге берген. Осылайша 600 млн. теңгені несиеге алып, қалтасына басқан. Петропавл қалалық сотының үкімі бойынша аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін ол 2022 жылы сотталды.
Бастапқыда іс ҚР Қылмыстық Кодексінің 190 бабы-алаяқтық бойынша, кейін қайта қаралып 219-ші бапқа ауыстырылған. Себебі несие алғаннан кейін бірнеше жыл бойы өзі басқаратын түрлі компаниялар арқылы қарызды жартылай қайтарған. Сондықтан апелляциялық соттың шешімімен бұл істі алаяқтық деп қарау мүмкін емес.
– Бұл несиені өтеуге кеткен жалпы сома 606 млн. теңгені құрайды, яғни қаржы несие сомасынан асып түседі. Шартты үлестері бар шаруаларға қатысты, иә, наразылықтар болды, өтініштер қаралды. Яғни жер үлестері қайтарылды, – дейді судья Ербар Қалиев.
Бүгіндері облыстық прокуратура үкімнің өзгеруімен келіспей отыр. Сондықтан аталмыш орган бірінші үкімді күшінде қалдыру үшін кассациялық шағым түсіруді жоспарлауда.